В апреле 2025 года Общественный фонд «ЦСПИ «Стратегия» провёл социологическое исследование, направленное на оценку отношения населения деятельности Президента, Парламента, Правительства, а также акимов областей и городов республиканского значения (Алматы и Шымкент). Опрос проводился на основе общенациональной выборки: в 23 населённых пунктах 9 регионов было опрошено 1100 респондентов.
Базарбекқызы Гүлназым, Самат Аяулым, Сейткадир Ақерке, КазНУ им.аль-Фараби 3 курс, саясаттану
Демократиялық мемлекеттің ең басты критерийлерінің бірі, әрине, азаматтардың саяси өмір мен коғамда белсенділік танытуы. Сайлау, қоғамдағы нормалар секілді маңызды аспектілер осы орайда ғана әділ реттеліп отырады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасының да діттеген мақсаты осы еді. Ол үшін халқы өз үнін Үкіметке жасқанбай жеткізе алатын, ал билік өкілдері тыңдап қана қоймай, кері байланыс орната алатын үлкен диалог алаңы сөзсіз қажет. Бұндай коммуникациялық платформа ретінде 2022 жылы жаңаша деммен Ұлттық Құрылтай құрылған болатын.
Құрылтай тарих жолында қалай іске асты?
Өткенге көз тастасақ, Құрылтай сонау 15–18 ғасырларда Қазақ даласында хан сайлау секілді саяси мәселелермен қоса өзекті әлеуметтік түйткілдерді де шешу үшін шақырылып отырды. Тәуке хан кезіндегі жоңғар басқыншылығына төтеп беру үшін үш жүздің басын қосу, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” апаты кезіндегі елдің бір ортаға жиналуы, Алаш партиясының құрылуы мен Алаш автономиясын жариялауы тәрізді тарихи маңызды оқиғалардың барлығы дерлік құрылтайда орын алған болатын. Бұл дәстүр одан кейін де жалғасын тауып, 1992 жылы бүкіл әлем бойынша қазақтардың Дүниежүзілік Құрылтайы Алматы қаласында өткізілген еді. 33 мемлекеттен 800-ден астам адам қатысып, еліміздің тарихи Түркістан, Ұлытау, Жезқазған тәрізді өңірлеріне сапар шегу арқылы ата-баба елінің мәдениетімен терең танысуға мүмкіндік алды. Бұл бас қосу шетелдегі қандастарымыздың да ел болашағын жоспарлауда ой-пікірлерінің өз орны бар екенін көрсете отырып, мемлекеттің пікір алмасу барысында анықталған мәселелерге құлақ асуына ықпал етті. Сонымен қатар, ұлттық сананы жаңғырту барысында “Қазақтар: кеше, бүгін және ертең” конференциясымен қатар Н.Назарбаев “Құшағымыз бауырларға айқара ашық” тақырыбында баяндама оқыған болатын. Қазақтар әлемнің түкпір-түкпірінен келіп, ауқымды түрде бас қосып, құрылтай шақырылуы 2005-ші жылға дейін үш рет ұйымдастырылған болатын. Онда көбіне тарихи жадты жоғалтпас үшін мәдени оқу-ағарту іс-шаралары, атамекенге оралу, елдің экономикасы жайлы тақырыптар жиі қозғалып отырды. Қатысушылардың барлығы дерлік жоғарыда келтірілген тақырыптарды оңтайлы шешуде ашық байланыс арнасын орнатып, сәтті шешімін тапқан еді. Қазіргі таңда дала демократиясының құрылтай арқылы көрініс табуы байырғы түркі елдерінің ішінде Қазақстан мен Қырғызстанда көрініс тапты. Қырғызстанда еліміздегі Ұлттық құрылтайдың баламасы пайда болды. Қырғыздарда бұл қоғамдық-өкілдік жиналыс “Халықтық құрылтай” деп аталады. Жыл сайын құрылтайға 1000-ға жуық делегаттарды қатысады. Біздегі қоғамдық өкілдердің саны 117 екенін ескерсек, әрине, “Халықтық құрылтай” ауқымды көрінуі мүмкін. Дегенмен, азаматтық қоғамды дамытуда халық пен билік арасындағы диалогты қалыптастыру екі кеңесші органның да мақсаты болып табылады. Сонымен қатар, Қырғызстан “Халықтық құрылтайдың” орталығын ресми түрде нақты Бішкек қаласы деп бекітіп алған. Жыл сайынғы басқосулар осы аталған қалада өтеді. Біздің “Ұлтттық құрылтайдың” ерекшелігі осы тұста көрінетіндей. Осы уақытқа дейін құрылтайдың Ұлытау облысы мен Түркістан, Атырау және Бурабай қалаларында өткендігі белгілі. Әр жылы бас қосудың өңірлерде өтуінің мәні туралы президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген еді: “Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады”. Түркі халықтарының басқару жүйесіне құрылтайдың енуі бұл – рухани-идеологиялық жаңғыру.
Еліміздің саяси жүйесіндегі Ұлттық құрылтай елдің дамуына сеп берер мәселерлерді қозғайтын және сол мақсатта шараларды жүзеге асыратын, қоғамдағы түрлі пікірлердің бір арнаға тоқысатын алаңы екендігі белгілі. Қоғамдық ойлардың кеңістігі болғандықтан қарастырылатын мәселелердің ауқымды болуы заңдылық. Осы себепті Ұлттық құрылтай аясында жұмыс жасайтын 4 секция бар, олар: «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциялары. Алқалы жиын өтер алдында құрылтай мүшелері аталған секцияларға бөлініп, өзара талқыға түседі. Нәтижесінде ұсыныстар сұрыпталынып, жиын кезінде президенттің алдында баяндалады. Қозғалуы қажет мәселелердің күрделілігі мен ауқымына қарай құрылтайдың жиын алдындағы секциялық отырысы мен жалпы жиын өтетін күн екі бөлек өткізіліп, екі күнге созылуы да мүмкін. Ұлттық құрылтайдың мұндай форматта өткізілуі қоғамдағы түрлі топтардың өзара талқыға түсуіне нағыз мүмкіндік салады. Қоғамдағы тиімді диалогтың жүзеге асуы мәселелер ортаға салынып, ұсыныстар ашық айтылатын осы бір тұстан басталады. Президентпен жеке кездесулер де құрылтайдың халық пен билік арасында диалог орнатуына көмектесетін маңызды функцияларының бірі десек те болады. Жыл сайын мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерін жеке қабылдап, атқарылып жатқан реформалар бойынша ахуалды бақылап отырады. Соңғы рет мамыр 2025 жылдың мамыр айында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдады. Динара Зәкиева бала құқығы, денсаулығы және қауіпсіздігі бойынша осал тұстарды жақсарту бойынша бірнеше бастама көтерген болатын. Нәтижесінде, заңнамаға 120 түзету енгізіліп, 13 өңірмен қоса 73 елді мекенде мониторинг жүргізілді. Бала құқығы бұзылған жағдайларда көмек қолын созатын 112 отбасылық орталықтарының санына қосымша тағы 49 оңалту орталығы қосылды. Президентпен тікелей кездесу – уәкілдер үшін қоғамдағы өзекті мәселелерді ұзақ бюрократиялық рәсімдерсіз жеткізіп, оларды Мемлекет басшысының бақылауымен тиімді шешуге, сондай-ақ халықтың шынайы мұң-мұқтажын естіртуге мүмкіндік беретін маңызды мінбер. Мұндай тікелей әрі жеке кездесулер мен жедел атқарылатын шаралардың парламенттің заң шығарып, оны қабылдауымен салыстырғанда біршама тиімділік көрсететін артық тұстары да бар.
Диалог алаңында қандай мәселелер көтеріліп, қандай шешімдер қабылданды?
Ұлттық құрылтай біртұтас халықтың егемендігін негіздеп, жаһандану заманында жаңашылдық пен жұмылған жұдырықтай бірліктің нағыз көрінісін айқындайтын бұқаралық жиын. Бұл тұста жыл сайынғы өткізілген әрбір кездесулерден азаматтық белсенділіктің артқанын, билік пен қоғам арасында мөлдірліктің орнай бастағанын байқай аламыз. Осыған сай мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда президенттің басты назарға алған бірнеше мәселелерінің халық көңілінен шыққаны турасында ақпарат берген болатын. Оның айтуынша, Ұлттық құрылтайдың әрбір отырысында мемлекет басшысы ел дамуының маңызды кезеңдеріне шолу жасап, алдағы міндеттерді айқындауды жақсы дәстүрге айналдырған. Президент көтеретін мәселелер – тек мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық бастамалар ғана емес, сонымен қатар әрбір азамат пен отбасының өміріне тікелей ықпал ететін нақты іс-шаралар болып табылады. «Сондықтан да халық бұл жиынды ерекше ықыласпен күтетіні бекер емес. Осы жолы да президент аса маңызды, өткір мәселелерге тоқталып, мақсат-міндеттерді айқындап берді. Мәселен, Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз күре жолын салуды тапсырды. Оған қоса, Арқалықтағы әуежай қалпына келтіріліп, жаңа аэровокзалдың құрылысы басталады. Жұртшылық бұл жаңалықтарды ерекше ықыласпен қабылдап жатқанын көріп отырмыз», - деді Мәжіліс төрағасы.
Әр саладағы өзекті мәселелерді жұрт алдына шығарып талқылауға мүмкіндік беретін бұл қоғамдық жиналыстың назар аударған түйткілдері мен жемісті шешімдері де жеткілікті болды. Ұлттық құрылтай отырысында бірнеше бастамаларға сай заң жобаларының алгоритмдері де құрастырылғанын айта кеткен жөн. Мәселен, әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі түзетулер, шегуге келмейтін темекі өнімдері мен вейптерге тыйым салу жөніндегі түзетулер және мемлекеттік марапаттар туралы түзетулер. Нақтырақ айтқанда, жастардың темекі, вейп сынды организмге толық дерлік қауіпті зиянды заттарға әуестігін арнайы қарастырып, оның алдын алу жөніндегі 2023–2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданған болатын. Ал 2024 жылдың 19 сәуірінде вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға толық тыйым салатын заңға қол қойылды. 2024 жылдың 26 сәуірінде президент мемлекеттік марапаттар туралы түзетулерге қол қойып, жаңа заң күшіне енді. Сонымен қатар, бірнеше маңызды мәселе бойынша жоспар бекітілді. Олар: жастар саясаты тұжырымдамасы аясында жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдікпен кредит беру; Қоғамда еңбек құндылығы идеологиясын насихаттау жөніндегі 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары; Қазақстанның ақпараттық доктринасын іске асыру жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары; Қазақстан Республикасының нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары; Сондай-ақ, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин лудоманияға қарсы күрес туралы заң парламент Мәжілісінің бірінші оқылымында мақұлданғаны туралы да айтқан болатын.
Бұдан бөлек, бұл басқосуларда мәдени-тарихи орындарға қатысты да кең ауқымды талқылаулар жүзеге асқан болатын. Құрылтайда айтылып, жүзеге асқан бастама ретінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе беріліп, елімізде «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайтарылғаны да ауыз толтырып айтарлық нәтиже.
Ұлттық құрылтайдың құрамы қандай? Алқалы жиында кімдер бас қосады?
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі жұмысын тоқтатқандығы белгілі. Дегенмен, оның негізгі мүшелері Ұлттық құрылтай құрамына кірген болатын. Ұлттық құрылтайдың мүшелеріне тоқталар болсақ, парламент депутаттары, саяси партиялардың, бизнестің ірі салалық бірлестіктерінің, медицинаның, білімнің, ғылымның, мәдениеттің, спорттың, адам құқығын қорғау және өзге де әлеуметтік топтардың өкілдері кіреді. Қоғамның әр саласынан сол жолда жүрген білікті, абыройлы өкілдерді құрылтайға тарту билік өкілдеріне қарапайым халықтың тыныс-тіршілігімен жақын танысуға, алаңдатып жүрген әлеуметтік сұрақтарды көтеруге түрткі болды. Сонымен қатар, әрбір өңірлік қоғамдық кеңестен бір-бір өкіл мүшелікке енді. Осылайша Ұлттық құрылтайдың құрамында жалпы 117 қатысушы бар. Құрылтайдың ерекшелегі – мүшелері алуан түрлі саланың өкілдері. Саяси жүйе өкілдері мен қоғам белсенділері үлкен келіссөз алаңында тоғыса алады. Дегенмен, Ұлттық құрылтай құрамында 117 мүше болса, оның 22-сі — парламент депутаттары, яғни шамамен 18,8 пайызын құрайды. Бұл жайт қоғамда белгілі бір деңгейде пікірталас тудырып отыр. Себебі құрылтай – жалпыхалықтық мәселелерді ашық талқылайтын, азаматтық қоғам өкілдерінің алаңы болуы тиіс. Ал парламенттің өзінде депутаттар саяси процестерге тікелей қатысып отырғандықтан, олардың құрылтайда да елеулі үлеске ие болуы «құрылтайда жаңа үн, жаңа көзқарас азайып жатыр» деген алаңдаушылық туғызады. Осыған сай, депутаттардың құрылтай құрамында болуы орынды, алайда жалпы құрам ішінде өкілдіктің теңгерімді түрде бөлінуі әлдеқайда маңызды болар еді. Кей жағдайларда бұл мәселе құрылтайдың басты мақсаты – жалпыхалықтық сипаттағы түйткілдерді көтеру мен оларды еркін талқылау миссиясына кері әсерін тигізіп отыр. Себебі құрылтайда депутаттардың басымдығы қоғамнан тікелей шыққан мәселелердің шетқақпай қалуына себеп болуы мүмкін деген пікірлер айтылуда.
Сонымен қатар, Ұлттық құрылтай мүшесі атану үшін жүргізілетін шешім қабылдау үдерісі мөлдір емес десек те болады. Бұл статусқа ие болу үшін қандай критерийлерге сай болу қажет, бір салада еңбек етіп жатқан екі бірдей беделді азаматтың қайсысының мүше болуға мүмкіндігі жоғары секілді сұрақтар халық арасында белгісіздік тудырады. Дәл осы сұрақ Ұлттық құрылтай құрамына ротация жасалу кезінде де туындайды. Ұлттық құрылтай мүшелері ротация барысында қандай негізде құрамнан шығарылғаны жөнінде ресми ақпарат берілмейді, тек қайтыс болған жағдайлар ғана ашық жарияланады. Оған қоса, іріктеу үдерісінің Ақорда мен тиісті құрылымдардың қатысуымен өткізіліп, түпкілікті шешімнің президент пен оның әкімшілігінің құзырында болуы – бұл процестің жабық сипатта өтуіне себеп болып, жұртшылық арасында күмән тудырып қана қоймай, сонымен қатар имидждік сын-қатерлерге де негіз болуда.
Ұлттық құрылтай қоғаммен байланысты жаңаша форматта қалай жүзеге асыруда?
Үш жылдың ішінде құрылтай азаматтар мен басқарушы құрылымдар арасындағы байланысты едәуір жақындата алды. Алғашқы Ұлытаудағы отырыста қатысушылар тарапынан 42 ұсыныс айтылса, Атыраудағы жиналыста 149 ұсыныс берілген болатын. Ал, соңғы өткен құрылтайда 300-ге жуық мәселе қарастырылғаны туралы ақпарат берілді. Әр жылы өткізіліп жатқан мемлекеттік деңгейдегі бұл отырыс халықтың санасында жақсы түсінік ретінде қалыптасуда. Статистикалық нәтижелер негізінде азаматтардың күнделікті тұрмысқа қатысты маңызды мәселелерін құрылтай мүшелеріне жеткізіп, қоғамдық талқылауға шығарып жатқанын аңғаруға болады. Осыған сай, жылдан-жылға қоғамнан құрылтайға деген қызығушылық пен билік тарапынан үлкен жауапкершілікті көре аламыз. Және де құрылтай жаңа замандағы диалог орнатудың бір құралы ретінде өз құрылымдарын технологиялық жағынан да кеңейтуде. Осы тұста, «Ұлттық құрылтай» арнайы бағдарламасы мен «Quryltai.kz» мобильді қосымшасы турасында айтуымызға болады. Мәселен, «Хабар» арнасындағы «Ұлттық құрылтай» арнайы бағдарламасы белсенді азаматтар мен сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел форматында өткізіледі. Бағдарламада қоғамды толғандыратын өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары талқыланады. Жалпы құрылтайдың бүгіні мен болашағы жайлы ақпараттарды аталған қосымшалар көмегі арқылы жылдам әрі түсінікті түрде таба алуға кең мүмкіндік бар.
Ұлттық құрылтай қазіргі таңда азаматтық қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтатын, қоғамдық пікірді ескеруге мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып келеді. Оның өкілдік сипаттары ел ішіндегі өзекті мәселелерді талқылауға жол ашып, қоғамдық келісім мен саяси мәдениеттің дамуына серпін беруде. Дегенмен, азаматтық қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру және түрлі әлеуметтік топтардың дауысын толық жеткізу үшін құрылтай құрамындағы өкілдіктің тепе-теңдігіне, пікір алуандығына және ашық диалогқа ерекше көңіл бөлінгені жөн. Бұл – құрылтайдың жалпыхалықтық сипатта өріс алып, сенімді қоғамдық институтқа айналуына жол ашады. Сәйкесінше, тарих пен бүгінгі күнді тең байланыста ұстап тұрған Ұлттық құрылтайдың маңызы мен мәні алдағы уақытта артатыны сөзсіз.
Қолданылған дереккөздер:
1. https://quryltai.kz/kk/article/proizvedena-rotatsiya-sostava-natsionalnogo-kurultaya
2. Ұлттық құрылтайдың 4 секция отырысы өтті - «Ońtústik» телеарнасының ресми сайты
3. https://kaz.inform.kz/news/ulttik-kuriltaydin-kurami-ozgerd-5b41d4
4. https://egemen.kz/article/365234-ulttyq-quryltay-2024-bastamalar-qalay-iske-asyp-dgatyr
5. https://kk.wikipedia.org/
6. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, I том
7. https://baq.kz/qoshanov-ulttyq-quryltayda-aytylgan-zhanalyq-halyqqa-unaganyn-aytty-200009975/
8. https://egemen.kz/article/310850-ulttyq-quryltaydynh-alghashqy-otyrysy-otedi
По итогам общенационального опроса (N=1100) только 40% назвали ситуацию в стране благополучной и спокойной
Вопрос о том, как форматируется память и воспоминания, что и как на это влияет и к какому результату это приводит.
В гостях у «Орды» — Гульмира Илеуова. Темой для разговора стали вопросы снижения рождаемости, причины и следствия этого процесса.