Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университететі, Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының 4-курс студенттері: Ошан Баян, Тағаева Айымжан, Хайдар Асем, Рахматуллаева Амина, Какенова Еркежан, Шайқұлова Айсулу
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты – халық өкілеттілігі негізінде жұмыс жасайтын парламенттің жоғарғы Палатасы. ҚР Парламенті Сенатының қазіргі құрамы қандай әлеуметтік топ мүшелерінен құралған? Әлеуметтік-кәсіби фактор тұрғысынан биліктегі халық өкілдері халықты қай деңгейде айқындайды?
«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі» туралы заң бойынша ҚР Парламенті Сенаты 49 депутаттан тұруы қажет. Атап айтқанда әрбір облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі депутаттан сайланып, жалпы саны 34 депутатты құрайды. Сонымен қатар, қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Сенаттың 15 депутатын Республика Президенті тағайындайды. Алайда, мемлекет президенті тарапынан тағайындалатын депутаттардың саны неліктен дәл 15 депутат болып бекітілгендігі «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі» туралы заңында қарастырылмаған.
Атап өту қажет, Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жолымен жүзеге асады. Депутаттар әрбір 6 жыл сайын сайланып, сайланған Сенат мүшелерінің жартысы 3 жылда бір рет қайта сайланады. Сенат депутаттарын сайлау депутаттардың өкілетті мерзімі аяқталу уақытынан екі айдан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.
2020 жылдың 12 маусым күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын 2020 жылғы 12 тамызға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Өткізілген сайлау нәтижесі бойынша жаңадан 34 депутат сайланып, Сенат құрамы 7%- ға жаңарды. Қазір Сенат заңнамада көрсетілген 49 депутат мүшелігінен емес 48 депутаттан құралып отыр.
Қазіргі Сенат депутаттарының әлеуметтік құрамын зерттеу мақсатында депутаттардың гендерлік ерекшеліктеріне тоқталсақ. Сенатта 49 депуттатың 9-ы әйел адамдар, яғни сенаттың 18,4% құрайды. Ал Қазақстан халқының 52% әйел адамдар. Басқа елдермен салыстыратын болсақ, Швейцария парламентінің үлкен палатасы – Ұлттық кеңес депутаттары арасындағы әйелдер үлесі 42% құрайды. Ал көрші мемлекет Қырғызстандағы биліктегі әйелдер үлесі біздің мемлекетімізге ұқсас, парламентінің 16 %-ға жуығы әйел адам болып табылады.
Диаграмма 1. – ҚР Парламент Сенаты депутаттарының гендерлік бөлінісі бойынша құрамы
Енді Сенаттың депутаттарының жас ерекшелігін сараптасақ. Сенаттың бұл құрамы жас ерекшелігі бойынша жиі айтылатын сыннан арыла қоймаған, яғни, жас ерекшелігі бойынша басымдықты 60 пен 70 жас аралығындағы азаматтар иеленіп отыр. Олардың пайыздық үлесі 45%, ал 50 мен 60 жас аралығындағы сенаторлар 40% -ды көрсетеді.
Сенаттың ең жас өкілі 44 жастағы азамат Ляззат Рысбекова болып табылады. Ал 40 пен 50 жас аралығындағы сенаторлардың жас буын өкілдері 15%-дық көрсеткішті құрайды. Сенаттағы орта жас 55 болып табылса, Қазақстандағы орташа жас шамамен 30 жас екендігін атап өткен жөн.
Диаграмма 2. – ҚР Парламент Сенаты депутаттарының жас ерекшеліктері бойынша құрамы
Келесі кезекте Сенат құрамын әлеуметтік-кәсіби фактор тұрғысынан қарастырып көрейік. Халық өкілеттігін иеленген сенаттың қазіргі құрамы қай мамандық иелерінен құралған, қай сала мамандары басымдыққа ие? Депутаттардың иеленген жоғарғы білімдері бойынша экономика және құқық саласы басымдыққа ие. Атап өткенде 14 сенатор «экономика» саласы бойынша, ал тағы 14 сенатор «құқық» саласы бойынша Жоғарғы оқу орнының дипломын иеленген. Бұдан бөлек саясаттану, журналистика, тарих, менеджмент сияқты гуманитарлық саланың мамандары сенаттан көп орын алған. Сенат депутаттарының осы құрамы кәсіби ерекшеліктері бойынша түрлі салаларды қамтиды. Ауыл шаруашылық саласы бойынша 8 және құрылысшы-инженер мамандығын иеленген Сенат депутаттарының саны 6 сенаторды құрайды.
Төмендегі кестеде Сенат депутаттарының алғашқы иеленген мамандықтары бойынша мәліметтер қарастырылады:
Кесте 1. – ҚР Парламент Сенаты депутаттарын мамандығы бойынша талдау (Сенаттың 48 депутаты бойынша деректер келтірілген)
№ | Мамандық | Саны | Проценттік көрсеткіш |
1 | Құрылысшы | 5 | 10.4% |
2 | Заңгер | 4 | 8.3% |
3 | Химик | 3 | 6.2% |
4 | Математик | 3 | 6.2% |
5 | Агроном | 3 | 6.2% |
6 | Инженер- механик | 3 | 6.2% |
7 | Тарихшы | 3 | 6.2% |
8 | Экономист | 3 | 6.2% |
9 | Техник- электрик | 2 | 4.2% |
10 | Журналист | 2 | 4.2% |
11 | Зооинженер | 2 | 4.2% |
12 | Есепші-қаржігер | 1 | 2.1% |
13 | Авиациялық радиожабдықты техникалық пайдалану | 1 | 2.1% |
14 | Орыс тілі және әдебиеті | 1 | 2.1% |
15 | Педиатрия | 1 | 2.1% |
16 | Оперативті қызмет | 1 | 2.1% |
17 | Инженер- электромеханик | 1 | 2.1% |
18 | Экономика және ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру | 1 | 2.1% |
19 | Орман шаруашылығы инженері | 1 | 2.1% |
20 | Инженер | 1 | 2.1% |
21 | Белгісіз | 6 | 12.5% |
Сенаттың қазіргі құрамына алғашқы жоғары білімдері бойынша 20 мамандық иегерлері енген. Ал, 6 сенатордың алғашқы жоғары білімдерін қай мамандық бойынша алғандары белгісіз.
Осы жолғы Сенат палатасына тағайындалған депутаттар қатарын бұрынғы облыс, қала немесе аудан әкімдер мен әкім орынбасарлары толықтырып отыр. Атап өтсек Солтүстік Қазақстан облысы, Орал қаласы, Алматы қаласы Медеу ауданының бұрынғы әкімдері және Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Жамбыл облыстарының әкім орынбасарлары аталмыш лауазымды орынға ие болды.
Ендігі кезекте, Сенаттың партиялық құрамын қарастырсақ. Қазіргі таңда 48 сенатордың 45-і «Nur-Otan» партиясының мүшесі болып табылады. Ал қалған 3-і туралы ақпарат табылмады. Сенатты сайлайтындар маслихат депутаттары болып табылады. Ал осы жылы өткен мәслихат депутаттарын сайлау ерекше болды деп айтуға болады. Өйткені, депутаттар партия ұсынған тізім бойынша және пропорционалды жүйемен сайланды. Осыған орай келесі Сенат депутаттарының сайлау нәтижесінде басқа да партиялардың мүшелері депутат бола алады деп сенеміз.
Біз үшін сенаторлар туралы толық ақпарат табу қиынға соқты, олар туралы ашық ақпарат өте аз. Осы табылған ақпараттарды зерделей келе, келесідей қорытындыға келдік. Сенат құрамындағы әйелдер мен жастар үлесі әлі де аз. Ал партиялық құрамы бірыңғай. Сенаттағы депуттардың әлеуметтік құрамы Қазақстан халқының әлеуметтік құрамынан өзгеше. Қоғаммен сәйкестіктің сақталмағандығын ескере отыра, Сенат депутаттарының құрамында Қазақстан қоғамының барлық азаматтарының мүдделері алға тартылады деп айту қиын.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Қазақстан Республикасының Конститутциясының 50 бабы
https://online.zakon.kz/m/document/?doc_id=1005029#sub_id=490000
- Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы заң