"Қазақ әдебиеті" газеті, №5 (3273)
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» демекші, ненің шалғай, ненің алыс екенін болжаудың өзі оңай емес. Кей ағайын жарты ғасыр бұрын өткен оқиғаны жақын көрсе, қайсыбіріміз ертеңгі күнді қабылдай алмай беймаза күй кешеміз. Күні кеше ғана жарияланған Елбасының Жолдауын біз қалай түсінудеміз? Кез келген адам саяси құжат ретінде үйреншікті түрде қабылдайтын бұл құжат осы жолы халыққа едәуір жақындығымен ерекшеленіп, аса қажетті жайлармен бетпе-бет келгендей әсерге бөледі. Ел өмірінде ең маңызды мәселенің бірі – баспана. Осындағы қозғалған нақты жай халықты бір серпілтіп тастауға жарады. Жалпы, бұл құжатта айтылған мәселелерді жүзеге асырудың барысы қаншалықты нақты, соның қыр-сырына тереңірек үңілу мақсатында саясаттанушы, әлеуметтанушы және демограф ғалымдармен әңгіме өткізгенді жөн санадық.
– Әңгімені бірден тілден бастасақ. Жолдауда көтерілген мәселе әдетте үйреншікті қабылданады. Қазақ тілінің ілгерілеу мәселесі қай деңгейде? Оны зерттейтін орталықтар бар ма? Жалпы, қазақ тілінің даму көрсеткішін қалай біліп отырамыз?
Досым Сәтбаев, саясаттанушы:
– Жолдауда қазақ және орыс тілдерін қатар пайдалану туралы сөз болды. Бірақ жақын арада қазақ тілінің қолдану аясы кеңейсе, жақсы болар еді деп тұспалданғанмен, мемлекеттік тілге қатысты тыңнан ештеңе айтылмады. Меніңше,
Елбасы этникалық топтардың қолдауын қалағандықтан осылай айтқан сияқты. Ал қазақ тілінің бүгінгі жағдайына келсек, онда өзімнің әріптестерім Мұхтар Тайжан мен Айдос Сарымның «Жиырма жыл өтсе де қазақ тілінің пайдалану аясы шектеулі» деген пікірімен келісемін. Иә, қазақ тілді адамдар көбейіп барады, бірақ әлі күнге дейін мемлекет қазақ тілінің өз дәрежесінде қолданылуы мақсатында нәтиже беретін механизм немесе жүйе құрған жоқ. Бұл мәселені бүгінде қоғам талқылап, нәтижелі жұмыстар жасап жатыр. Бұл – биліктің кінәсі. Тіл мәселесін барлық қазақстандықтарды бөлмей, керісінше, біріктіретіндей етіп, ұлттық идея негізінде жасауға болар еді. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында билік басындағылар тек өзінің ғана қамын күйттемей, тіл тағдырын да ойласа, бүгінде бұл күрделі мәселеге айналмас еді. Қазір бұл жағдайды ретке келтіру үшін бірінші кезекте балабақшадан бастап барлық оқу үрдісін қазақ тіліне көшіру қажет. Барлық ұлттар ең болмаса қазірден бастап қазақ тілінде тәрбиеленуі тиіс. Одан кейін біртіндеп қазақ тілді мектептердің санын көбейтіп, орыс тілін тек қосымша пән ретінде оқытса, болашақта екі тілде де бірдей, еркін сөйлейтін ұрпақ өсіруге мүмкіндік туар еді. Халықтың әлеуметтік статусын, бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін ағылшын тілін де үйрену артық болмайды, бірақ негізгі мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып қалуы керек.
Дулатбек Қыдырбекұлы, саясаттанушы:
– Қазақ тілі толық мемлекеттік тіл болу үшін толық жағдай жасалып, ең маңыздысы, әр қазақ өз тілінде сөйлесуі қажет. Сонда ғана басқа ұлт өкілдері қазақ тілін терең білуге ұмтылады. Орыс тілінен де ажырауға болмас. Ол БҰҰ-ның ресми тілдерінің біреуі және орыс тілінде көптеген ғылыми әдебиеттер мол. Біз әзірге, өкінішке орай, Ресейдің баспасөзіне тәуелдіміз. Бірақ біз ресейлік ақпаратты таңдап қана қабылдауымыз керек, өйткені, орыстың ұлы державалық шовинистік пиғылдары әлі күнге дейін қазақ халқына теріс әсер етуде. Ең бастысы, біз ана тілімізді, әсіресе, терминдерді өз қалпына келтіруге тиіспіз.
Серік Бейсембаева, әлеуметтанушы:
– Біздің зерттеулердің нәтижесі бойынша қазіргі күні жалпы халықтың 56%-ы қазақ тілінде еркін сөйлеп, еркін жаза алады. 9% -ы тек сөйлей алады, 14% -ы қазақша сөйлемейді, бірақ түсінеді, ал қалған 21%-ы тілді мүлдем білмейді. Бұл көрсеткіштер бойынша қазақ тілін игеру деңгейінің елімізде қаншалықты өзгергенін айту қиын, себебі, бұрынғы зерттеулермен салыстыруға мүмкіндік жоқ. Бірақ жалпы қазақ тілін қоғамда түсінетіндердің үлесі 80%-ға жақындауы меніңше, жақсы нәтиже. Алайда, тілді білу деген бір басқа да, оны пайдалану басқа. Тағы да біздің сауалнамаларға көз жүгіртсек, отбасында таза қазақ тілінде халықтың тек 1/3 (32-33%) бөлігі ғана сөйлеседі екен. Әрбір 4-ші отбасында (25-26%) қазақ тілі мен орыс тілі аралас жүреді. Қазақстандықтардың 40%-ы үйінде орыс және басқа тілдерді пайдаланады. Менің ойымша, тілдің даму деңгейін, ілгерілеуін айғақтайтын көрсеткіш – бұл тілді қарапайым адамдардың күнделікті қарым-қатынаста пайдалану деңгейінің өсуі. Ал, көріп тұрғанымыздай, мұнда жағдай әзірше мақтанарлықтай емес. Қызмет саласында, көшеде қазақ тілін қолдану деңгейі бұдан да төмен екендігін ескеру керек. Сондықтан қазіргі уақытта қазақ тілін үйретіп қана қою – аз, оны пайдалану аясын кеңейтуді де ойлас-тыру керек. Ол үшін Президент айтпақшы, құр шу шығарып, байбалам сала бермей, әркім өз деңгейінде қазақ тілін дамытуға үлес қосқаны абзал. Мен өз басым, жас буын өкілі ретінде қазақ тілінің дамуы үшін еш кедергі көріп тұрғаным жоқ. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білемін және осындай жастардың көптігі мені қуантады. Біздің ұрпақ жетіліп, қоғамның қозғаушы күшіне айналған уақытта қазақ тілінің мәселесі де шешілетініне сенімім мол.
– Президенттің дәстүрлі Жолдауы тілге тиек етіле қалса, әуелі бюджет қызметкерлерінің жалақысы, зейнетақы мен жәрдемақы көкейге оралатын әдеті. Бірақ бұл жолы ол мәселе туралы әңгіме бола қойған жоқ. Себебі не? Бұл құжат халықтың үмітін қаншалықты ақтады?
Назрахмет Қали, зейнеткер:
– Президенттің жыл сайынғы Жолдауы халық үшін аса маңызды. 1992 жылдан бері жалғасып келе жатқан бұл Жолдау – 16-шы. 2012 жылғы Жолдауда әлеуметтік-экономикалық жағдай негізге алынып, 10 бағытта жасалды. Іс-әрекет таяп келе жатқан дағдарысты негізге ала отырып жасалғаны байқалды. Сондықтан, бұл жолы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын, зейнеткерлердің зейнетақысын көтеру туралы сөз болмады. Бірақ, мемлекеттік қызметкерлердің өз қызметін жауапкершілікпен орындауы керек екені айтылды. Сондықтан, Жолдаудағы 4-бағытты: «Тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру» деп атаса, 5-бағытта: «Арнаулы комиссия кандидатураларды білімі мен кәсібилігі, жоғары моральдық сипаты, бастамашылдығы мен тапсырылған учаскедегі жұмысының табыстылығы өлшемдері бойынша іріктейді», – деп атап өтілді. Бұл – халықтың сеніміне ие болмаған мемлекеттік қызметкерлер жұмыс істей алмайды дегенді меңзейді. Ал мемлекеттік қызметте істейтіндер бұқара халықпен кездесуден қорқатын сияқты. Әсіресе, әкімшілік қызметтегілер халықпен кездеспеуге тырысады. Мысалы, қаланың аудандық әкіміне жолығу үшін алдын-ала жазылу керек. Ал, жазатын адам неше түрлі сылтау айтып, әкімге кіргізбеуге тырысады. Ана сұрақпен ана орынбасарға, мына сұрақпен мына орынбасарға барыңыз деп, сілтеп жібереді. Ол орынбасарлардың да бұқара халықты айдың қай күні, қай сағатта қабылдайтын уақыты жазылған. Бірақ сол уақытта барсаң, көбінесе орынбасар не «жиналыста» болады, не «ауырып» қалады, т.б. сылтау шығып, халықты қабылдамайды. Сөйтіп, келесі кездесу келесі айға қалады. Келесі айда қандай сылтаумен қабылдамайтынын әкімнің өзі біледі. Бұндай әрекеттер министрліктің де, агенттіктің де, департамент қызметкерлерінен кездеседі. Халықпен кездеспеудің сылтауын іздеп тұрады. Бұл– мемлекеттік қызметкерлердің халыққа қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасының төмендігін көрсетеді.
Қазіргі уақытта Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) ашылды. Бұл туралы да Президент өз Жолдауында айтып, оның жұмыс атқару аясын кеңейту керек екені назарға алынды. Мысалы, Алматыдағы бұл мекемелер қазір 135 мемлекеттік қызмет түрлерін көрсетеді. Бұның ашылуы, халық үшін пайдалы болды. Бірақ кей кездерде «құжаттарыңыз толық екен», келесі күні «тағы мына құжаттарыңыз жетіспейді» деп қайтарып жібереді. Осылайша, бірден қандай құжаттар керек екенін айта алмағанына халық ренжіп жатады. Себебі, әркімде жүруге артық уақыт табыла бермейді. Сондай-ақ дайын құжатты аларда да терезенің алдында кезек жиналып қалады. Бұл да кері әсер етеді. Бұл біріншіден, 2005 жылы ашылған ХҚКО-ның әлі жас ұйым болғандығынан болса, екіншіден, бұл ұйымның қызметкерлерінің істі толық меңгере алмай жатқандығынан деп есептеймін.
Досым Сәтбаев, саясаттанушы:
– Барлық Жолдаулар бір-біріне ұқсайды, ара-тұра қайталанатын тұстары да болады. Бірақ бұл жолы біраз ерекшеліктер мен артықшылықтар байқадым. Біріншіден, Елбасы алғаш рет зейнетақы жүйесін жетілдіру керектігіне назар аударды. Бұл кез келген адамды ойландыратын, қызықтыратын сұрақ. Қазақстанның бұрынғы зейнет-
ақы жүйесін қанша жерден мақтаса да ол жұмысқа қабілетті емес болып шықты. Зейнетақы қорлары арасында жиналған қаржыны сақтай алмағандар бар. Бұл– мемлекеттің әуелгі басынан осы саланы ел экономикасына белсенді қатысушы ретінде танып, оған көп көңіл бөлмегендігінен. Зейнетақы қорлары
17 млрд. доллар жинақтағанымен, Қазақстан экономикасында маңызды элемент бола алмады. Дәл осы салаға байланысты айтылып жатқан сынның барлығы орынды деп есептеймін. Бұл Жолдауда ерекшеленіп тұрған тағы бір маңызды мәселе – басқарушылардың білікті саяси тобын дайындау туралы шешім. Бұл Ресейде бірнеше жыл бұрын айтылған. Яғни, Ресейден қайталаған тұсымыз. Бірақ жаңа басқарушылар класын сыбайлас жемқорлықтан алыста тұратын, шын мәнінде өз мүддесі емес, елі үшін жұмыс істейтін топ ретінде құра алатынымызға күмәнім бар. Өйткені өкінішке орай, Қазақстандағы саяси жүйе бұған, яғни, елінің болашағына деген басқа көзқарастағы жаңа басқарушылардың келуіне жол бермейді.
Индустриялық-инновациялық жобалар туралы да жаңа ешнәрсе айтылған жоқ. Бұл туралы онсыз да соңғы кездері көп айтылып жүр. Бұл жерде Қазақстан Қытай тәжірибесін қолданған. Биыл мемлекет ішінде ірі инфраструктуралы жобаларға ұлттық қордан ақша бөлу керектігі айтылды. Бірақ бұл Қытайдың 2008 жылы бірінші дағдарыс кезінде мемлекет ішінде ірі әрі бағалы жобаларға көп қаржы бөлгендігімен байланысты. Бұл жақсы бастама. Себебі, біріншіден, жұмыссыздық азаяды, екіншіден, ішкі сұранысты ынталандырады. Бұл жерде де Қазақстан шетел тәжірибесін пайдаланды деуге болады.
Жалпы, Жолдау жартылай бұрыннан белгілі мәселелерді қозғаса, ал қалған елу пайызы жаңаша бастамаларға толы.
Бір жағынан биылғы Жолдауда жәрдемақы, жалақы көтеру туралы айтылмады. Себебі, мемлекет өзін әлемдік дағдарысқа дайындап жатыр. Және бір қырынан қарағанда айлық, зейнетақы, жәрдемақының көтерілуі бағаның, инфляцияның өсуіне алып келеді де, нәтижесі көзге көрінбейді. Бәлкім, қазіргі мемлекеттік көмектер барлығының көңілінен шығып жатыр деп те ойлайтын шығар. Соңғы кездері, әсіресе, ауылдық жерлерде кедейшілік өршіп тұр. Биліктің ауылдық жерлермен тығыз байланысы жоқ болғандықтан көбінесе статистикаға сүйенеді. Ал статистикада кіріс деңгейі тұтынушылық көрсеткішпен сәйкес келеді.
Дулатбек Қыдырбекұлы, саясаттанушы:
– Оны жыл сайын Елбасымыз айтады ғой. Ал қазіргі күні басқа өзекті мәселелер де жетіп жатыр. Жаңаөзен оқиғалары оған үлкен себеп болды. Байлығымыз көбею үшін бізге білімді жергілікті техникалық мамандар қажет. Жаңа білім мен технологияны алу үшін бізге жаңа мамандар керек. Ондай дарынды қазақ балалары жеткілікті. Жалпы, ұлттық даму адамның ақылы мен білімінде тұр.
Серік Бейсембаева, әлеуметтанушы:
– Расында да, айлық пен зейнетақы деңгейінің көтерілуі туралы Жолдауда айтылмауы қазақстандықтардың көпшілігінің көңіл-күйіне теріс әсер етті. Инфляцияның ширығып тұрған заманында қарапайым халық Президент Жолдауынан кейін ең алдымен, әлеуметтік көмектің көбейгенін күтетіні анық. Әсіресе, еңбекке жарамдылардың басым көпшілігі бюджеттік салада қызмет атқаратын ауыл тұрғындары үшін жалақының көбейгені айтарлықтай қуаныш еді. Бірақ Үкімет мұндай қадамға бара қоймады. Мүмкін, бүкіл әлем белдерін бекем буып күтіп отырған экономикалық дағдарыстың екінші толқынынан сескенген болар. Сыртқы шикізат нарығындағы жағдайдың қалайша өзгеретіні белгісіз болып тұр ғой. Егер мұнай бағасы арзандап кетсе, біздің бюджеттің де арықтайтыны анық. Сол себепті, әлеуметтік төлемдерді көтеру жақын арада жүзеге аса қоймайтын шығар.
– Біз, жалпы, өмірлік кезеңдерді қалай сезінеміз? Оппозиция көзімен қарағанда бүгінге дейін ешбір мардымды іс тындырылмаған, ылғи ұтылып жатқандай боламыз. Ал шын мәнінде еліміз тәуелсіздік кезеңінде көптеген жетістіктерге қол жеткізгенінің куәсіміз. «Көрмес, түйені де көрмес» демекші, барлық іске көз жұма қараған жөн бе, әлде қолда бар алтынның қадірін білген жөн бе?
Досым Сәтбаев:
– Жақсы қырынан бастайықшы. Біріншіден, бейбітсүйгіш мемлекет құрдық. Бізде мемлекеттің ыдырауына ұрындырар қауіптің жоқтығына мың да бір шүкіршілік. Яғни, жиырма жылды тұрақты өткіздік. Сыртқы саясатта жетістіктер болды. Өзінің саяси ролін дұрыс атқарып жатқандықтан болар оны оппозиция өкілдері де өте аз сынайды. Көпвекторлы сыртқы саясатымыз барлық ірі мемлекеттермен дұрыс қарым-қатынас орнатты. Ал қарама-қарсы жағына келер болсақ, біз дұрыс жұмыс істейтін экономика құра алмадық. Өйткені, ол бәрібір монополиядан тұрады. Және жеке қалаларда ғана емес, жалпы мемлекет бойынша мықты орта тап және дұрыс саяси жүйе құра алмадық. Осы оң және теріс тұстарымызды байыпты саралап, дұрыс нәтиже шығара білуіміз қажет. Өйткені, онсыз біз не оппозиция сияқты барлығын жоққа шығарамыз, не билік сияқты барлығына көз жұмып жүретін боламыз. Қайсысын таңдасаңыз да ол өте қауіпті.
Дулатбек Қыдырбекұлы:
– Бұл күрделі мәселе. Кейбір шенеуніктер елдегі кемшіліктерге көз жұмып, көрмеуге тырысады. Оппозиция сол кемшіліктерді айтады, бірақ альтернативтік ұсыныстар жасамайды. Ал жай сынағаннан халық не ұтады? Ондай басшыларды жауапқа тарту керек. Оны халық өзі талап етпесе, кім айтады?
Серік Бейсембаева:
– Қазақстанның 20 жылдық жүріп өткен жолының нәтижесі туралы сөз қозғасақ, онда сыбап тұрып сын айтуға да немесе майын тамызып мақтауға да тұрарлық жағдай жетерлік. Стақан жартылай бос немесе стақан жартылай толы деген психологиялық мысал секілді... Меніңше, нені ұттық, неден ұтылдық деген сұрақ туындаған кезде, жіберілген қателікті мойындай отырып, жетістіктерді одан әрі жетілдіру стратегиясын ұстанған жөн. Кез келген процесті бағалау кезінде біржақтылыққа бой ұру дұрыс емес деп ойлаймын.
– Мемлекет басшысы тұрғын үй проблемасын шешуге баса назар аударуы арқылы қаншама адамның көңіліне үміт отын ұялатты. Қазақта «үйі жоқтың күйі жоқ» деген сөз бар. Ондай күйде жүрген адамның басқа мәселеге баса назар аударуы да екіталай. Мәселен, мен де тұрмыс құрып, баспаналы болсам деймін және осы Жолдаудан кейін бұл мәселе көп күттірмей өз шешімін табатындай болып көрінді. Халықтың тұрмысы түзелмей, елдің болашағы да бұлдыр екенін меңзеген бұл нұсқауды қалай бағалайсыздар?
Досым Сәтбаев:
– Тұрғын үй – бұрыннан келе жатқан өзекті мәселе. Кезінде мемлекеттің өзі тұрғын үй салуды қысқартып тастаған. Соңғы жылдары салынған үйлер аяқсыз қалды. Мемлекеттік құрылыс компаниялары да қызу жұмыс істеп жатқан жоқ. Біріншіден, қазіргі көптеген құрылыс компаниялары мемлекет қабылдаған жаңа нормаларға сәйкес келмейді және құрылыс сапасы да өте төмен. Қымбат емес тұрғын үй салуға келісетін компаниялар тендерден өте алмайды. Тіпті, қолжетімді баспананың өзі саяси жүйеге келіп тіреледі.Тіпті, мемлекеттік қызметкер ретінде кішкене төменірек бағамен үй алуға мүмкіндік алған адамның өзі сапасы төмен деп мұңын шағады. Яғни, бұл мәселе жиі айтылады, бірақ шешімін таппайды. Мүмкін, бұл Қазақстанда сыбайлас жемқорлық өршіп тұрғандықтан шығар.
Дулатбек Қыдырбекұлы:
– Барлығы оңалар деп үміттенейікші. Құрылыс компанияларынан зиян көргендер өздерінің пәтері мен ақшаларын біртіндеп қайтарып, ал кезекте тұрғандар өз үйін алар. Әрине, бұл мәселе тез шешілмейді. Оған амал болмағандықтан біраз шыдау керек. Бірақ сенім де артық болмас. Біздің қоғамда үйсіз, жұмыссыз жүргендер болмауы керек.
Серік Бейсембаева:
– Тұрғын үй мәселесі – қазір әлеуметтік проблемалардың бірінші бестігіне кіреді. Әсіресе, Алматы, Астана секілді ірі қалаларда баспана мәселесі ушыққан. Біздің 2010 жылғы зерттеуіміз бойынша әрбір екінші қазақстандық отбасы өз тұрғын үй жағдайын жақсартуды қалайды. Баспаналы болуды көксейтіндердің әлеуметтік портреті – 25 пен 34 жас аралығындағы қалалық елді-мекенде тұратын қазақтар. Яғни, біздің мемлекеттің тірегін құрайтын адами потенциалы жоғары әлеуметтік топ.
Әрине, мемлекет басындағылар бұл мәселенің өзектілігін жақсы түсініп отыр. «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бұрынғы тұрғын үй бағдарламасының логикалық жалғасы ғой. Егер расында да бағдарлама жүзеге асып, тұрғын үйдің қолжетімділігі артса, нұр үстіне нұр болар еді.
– Биылғы Жолдау отбасын құруға, еліміздің демографиялық әл-ауқатын көтеруге қаншалықты жол ашады? Мүмкін, сүрбойдақ пен кәрі қыздардың көбеюі әлеуметтік проблемалардың зардабы шығар...
Ерболат Мұсабеков, демограф:
– Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында жеке адамдарға байланыс-ты көп айтылды. 2009 жылы өткен халық санағы қорытындысы бойынша 20 – 29 жас аралығындағы жастардың 1233 мыңы отау тіксе, 1624 мыңы еш уақытта некелеспеген екен. Жаңадан отау құрған отбасыларды ойландыратын ең басты мәселе – баспана. Егер Жолдаудан кейін бұл мәселе өз шешімін тауып жатса, әрине, болашақта жас отбасылардың өміріне үлкен жеңілдік болар еді. Жолдауда жұмыс орны көп шоғырланған жерлерге тұрғын үйлерді көптеп салу, жастарға тегін білім беру, жұмыспен қамтамасыз ету туралы айтылды. Дәл осы бағыттар халықты қатты қуантты деп ойлаймын. Қазір жастарға білім алу да, одан кейін мамандық бойынша жұмыс табу да өте қиын. Сондықтан, осындай мәселелерге жалтақтап, материалдық жағдайын күйттеп жүрген жастар уақытысында үйленбей қалады. Ал қыз балалар дер кезінде тұрмыс құрып, денсаулығы мықты шағында өмірге сәби алып келсе, біріншіден, өздері үшін ең үлкен бақытқа кенеліп, екіншіден, мемлекеттің демографиялық ахуалға да өзіндік үлесін қосар еді. Соңғы санақ қорытындысы бойынша қазірдің өзінде 25 пен 49 жастың аралығындағы 500 мыңға жуық ер азамат үйленбеген болса, 400 мыңнан астам қыз балалар тұрмыс құрмаған. Арасында уақыты өтіп кетіп, тұрмыс құра алмаған немесе басқа да себептермен жүргендер де бар, бірақ басым көпшілігі материалдық жағдайға қарап жүргендер. Сол себепті, жастар мүмкіндігінше уақытын бос өткізбей, 20-29 жас аралығында отау құрса екен деймін. Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауы дәл осы мәселенің оң нәтиже беруіне өз септігін тигізер деп үміттенемін.
Дулатбек Қыдырбекұлы:
– Келісемін. Егер жастардың жағдайы дұрыс болса, отбасы құрудан қашпас еді. Сүрбойдақ пен кәрі қыздардың көбеюі әлеуметтік проблемалардың зардабына байланысты екені сөзсіз.
Серік Бейсембаева:
– Жолдаудың саяси және идеологиялық маңызы зор, бірақ ол елдегі барлық мәселелерді шешіп беретін сиқырлы таяқша емес қой. Бұл – жай ғана билік органдарына қысқа мерзімге бағыт-бағдар беретін ресми құжат. Демографиялық мәселелердің шешілуі– ұзақ стратегиялық жұмысты қажет етеді. Адам санын көбейтсек, демографиялық мәселе шешіледі деген менің ойымша, қате пікір. Адам санынан гөрі, оның сапасына көбірек көңіл бөлу қажет секілді. Қазір он алты жарым миллионбыз, 2020 жылы он сегіз миллион болғанда не өзгереді деген сұрақ туындайды. «Санды көбейту керек, сан сапаға айналады» деген – жалаң аксиома. Қазірдің өзінде 16,5 млн. халықты қажетті әлеуметтік инфраструктурамен қамтамасыз етуге шамамыз жоқ. Елімізде әлі де бала шетінеуі, ана өлімі, жүрек, ісік ауруларының көрсеткіштері өте жоғары. Нағыз демографиялық проблема осында деп ойлаймын.
– Қазақы өлшемдегі байлық көзі не? «Қазақ байыса – қатын алады...», «Қазақтың бір тойғаны – шала байығаны»,– деген ата-баба тәмсіліне қаншалықты үңілеміз? Адамзаттың бір қалыпта тұрғанын аңсаған Абай аяқастынан байып шыға келген бүгінгі адамдарға не дер еді? Кедей мен байдың арасындағы алшақтық қазіргі таңда анық көзге ұрады. Жақсы немесе жаман тұрудың өлшемі қандай? Биылғы Жолдауда бұл мәселеге қаншалықты мән берілген?
Серік Бейсембаева:
– Халықтың бай және кедей топтарының арасындағы тұрмыс деңгейінің алшақтауы – өте өзекті мәселе. Біздің деректер бойынша халықтың басым көпшілігінің әл-ауқатының өсуі тым баяу жүріп жатыр. Және ол тек 90-шы жылдармен салыстырмалы түрде ғана. Ал шамамен 5%-ды құрайтын халықтың азғантай бөлігі соңғы бірнеше жыл ішінде баюдың шырқау шегіне жетті. Ал орта тапты құрай алатын халықтың үлес салмағы әлі аз. Әлеуметтік жіктелу күшейген сайын қоғамда тұрақтылық азая беретіні белгілі. Себебі, материалдық алшақтық уақыт өткен сайын мәдени, идеологиялық алшақтыққа алып келеді, одан екі тап арасында әлеуметтік жек көрушілік пен араздық туындайды. Ең қауіптісі – біздегі бай топтың көбінесе шенеуніктерден құралғаны. Ал шенеуніктердің бұл байлыққа қалайша қол жеткізгенін жақсы түсінетін қарапайым халық ашынуы мүмкін. Қазір жалпы халықтың әл-ауқаты бір қалыпты ғой, егер жағдай нашарлай қалса, халықтың қаһарына бірінші болып ілігетін де осы шенеуніктер болады. Мұның барлығын Елбасы да түсініп отыр. Оның министрлермен болған жиналысында қымбат көлік мінуді тоқтатуға бюджет қаражатын шаша беруді тоқтатуға шақыруының мәні де осында.
Дулатбек Қыдырбекұлы:
– Әр адам еңбекқор болса кедейшіліктен, әйтеуір бір күні арылуға болады. Сонымен бірге жалқаулықтан арылып, жол бағытын анықтаса, алға нақты мақсат қойса, бәріне де жетеді. Орыстарда «Өз бағытын білмеген қайыққа бірде-бір жел серік болмас» деген мақал бар. Бәсеке болған күннің өзінде қызғанышқа жол берілмеген жөн.
– Жолдауда айтылған еліміздегі барлық өңірлерінің қуаттылығын арттыру мәселесі қаншалықты өзекті?
Досым Сәтбаев:
– Бұл өте маңызды мәселе. Себебі, ең негізгі орталықтар – Астана, Алматы, Қарағанды сияқты санаулы ғана қала. Алайда, өткен жиырма жылдың ішінде Қазақстанда басқа өңірлер де дамуы керек болатын. Бұл туралы талай айтылды, тіпті, жекелеген жобалар да болды. Бірнеше жыл бұрын әртүрлі өңірлерде өнім өндіретін бірнеше орталық құру жоспарланған. Бірақ оны бизнесмендер емес, шенеуніктер құрғандықтан болар, ол да нәтиже бермеді. Өңірлер де бұрынғы қалпында қалды. Сондықтан, өңірлердің қуаттылығын арттыру да жаңалық емес. Бұл жерде ауылға көңіл бөлу, шағын несие беру туралы көп айтылды. Бірақ шағын несиенің өзі аз пайызбен берілуі керек еді, алайда біздің банктік құрылым пайызды азайтқысы келмейді. Өйткені, әсіресе, ауылда тұратын қарыз алушылар сенімсіз деп танылды. Ал ірі банктер ірі әрі бірлескен клиенттермен жұмыс істейді. Өңірдің дамуын қолдау, оған қаржы бөлу идеясы өте жақсы, бірақ бұл қалай және қандай тетіктер арқылы жүзеге асатыны тағы белгісіз.
Дулатбек Қыдырбекұлы:
– Қазір барлық облыстық орталықтар даму үстінде. Олар болашақта бас қалалардан кем болмайтынына кәміл сенемін. Мәселе айналадағы ауыл мен кенттердің артта қалуында. Солардың барлығын облыстық орталықтар және мегаполистермен қосу үшін қамтамасыз ететін логистикасы бар инфрақұрылым салу қажет. Қалаларды қосатын жолдар адам денесіндегі қан артериясындай болуы тиіс. Ол – автокөлік, темір, әуе және су жолдары.
– «Халыққа әуелі нан, одан кейін мектеп керек» деген екен сонау ХVІІІ ғасырда француз ойшылы Жорж Жак Дактон. Бұл – кімді де болса ойландыратын тұжырым. Өйткені, кез келген елдің болашағы, даму мүмкіндігі оның халқының білім деңгейімен тікелей байланысты. Мамандардың біліктілігін арттыру жайы осы Жолдауда да өзекті мәселелер қатарына еніпті. Елбасы медицина институтын бітірген түлек бірден дәрігер болып шыға алмайтынын немесе Политехникалық жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектің әлі де болса инженер еместігін, оған өзінің маман екенін дәлелдеуге тура келетінін осы Жолдауда неге ерекше атап көрсетті деп ойлайсыздар?
Дулатбек Қыдырбекұлы:
– Оның айтылуы заңды. Білім саласында практикалық сабақ пен жұмысты күшейту аса маңызды. Студент білімді жай кітап арқылы алса, қолынан ештеңе шықпауы мүмкін. Егер ол оқу процесі кезінде өндіріске араласса, мамандығы бойынша жұмыс істеуге икемделеді әрі квалификациялық тексеруден өтіп, жұмысқа қалыптасатын болады.
Серік Бейсембаева:
– Жалпы білім беру сапасының нашарлауы біздің соңғы жиырма жылдағы ең ірі жеңілісіміз, ұтылғанымыз деп білемін. Өзімнің шешем мектепте
жиырма бес жылдан бері сабақ беріп келеді және ол кісінің айтуы бойынша жылдан-жылға орта білім сапасы құлдырып барады. Жаңадан енгізіліп жатқан түрлі техника мен технологиялардың көмегі шамалы. Жоғары білім саласында да қазір сыртқы формаға мән беру басым. Батыстық жүйені енгізу, ақпараттандыру, шетелмен тәжірибе алмасу қауырт жүріп жатқанына қарамастан ішкі мазмұн тапжылмай бұрынғы күйінде қалған. Өз басым екі сөйлемнің басын құрап жаза алмайтын Phd докторларының талайын көріп жүрмін. Ендеше, білікті мамандар елімізге ауадай қажет. Инженерлерді айтпай-ақ қояйық, білікті дәрігер мен мұғалімнің қазіргі уақытта дефицитке айналғаны бәріне белгілі. Алматыдай үлкен шаһардың өзінде диагнозыңды дұрыс қойып беретін дәрігер таба алмай, зар боласың. Облыс пен аудандардағы жағдайдың қандай екені енді өз-өзінен-ақ түсінікті болар.
– «Қандай шаруа болса да жүзеге асыру үшін ақша мен таныс іздеу керек» деген ой ұлттық түсінікке айналып бара жатқандай. Сөйте тұра бұл сөздің түп- төркініне терең бойлап, алаңдағымыз келмейтін сияқтымыз. Әрі бұл жағдайды әлем жұртшылығына тән мәселе ретінде қарап, өзімізді кейде жұбатып та қоямыз. Дей тұрсақ та, Елбасының Үкіметке үш айдың ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді бағдарлама дайындап, ұсынуын талап етуі жәйдан-жәй емес-ау. Жалпы, осы тығырықтан шығудың қандай жолдары бар?
Назрахмет ҚАЛИ:
– Жолдаудағы айтылғандарды жедел орындау үшін Президент сол күні түстен кейін Үкімет мүшелері, әкімдер, орталық мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» ХДП және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшылары қатысқан кеңейтілген отырыс өткізіп, әрқайсысына нақты, тиянақты тапсырма берді. Әрі өткен жылдардағы кеткен кемшіліктер жасырылмай ашық айтылды.
Бізде көбінесе тапсырма беріледі, қаржы бөлінеді. Бірақ олардың орындалуын бақылау, қадағалау жетіспейді. Жоғарыдан берілген тапсырманың, қаржының қайда кеткені белгісіз болып қалады. Сайда саны, құмда ізі білінбей кетеді. Осыдан барып жемқорлар ойларына келгенін істеп, қаржыны жымқырады.
Дулатбек Қыдырбекұлы:
– Мұндай жағдайда халық өзінің наразылығын белсене білдірсе, ал өкіметтің саясаты мен істері қоғамға барлық жағынан бақылау арқылы белгілі болса, бәрі де қозғалар. Оқу процесінде де заңға бағындырған жөн. Жұмысқа қабілеттілігі бір басқа, ал өз құқығын біліп, өзінің дарынын өкіметтен бағалауға талап ету бір басқа. Сондықтан, біздің болашағымыз тек мамандардың ресурстық сапасымен ғана байланысты.
Серік Бейсембаева:
– Өз басым сыбайлас жемқорлықпен кешенді бағдарлама арқылы күресу нәтиже беретіндігіне сенбеймін. Алдыңғы жылдары мемлекеттік органдар тарапынан осы бағытта жүргізілген іс-шаралар жемқорлықты азайта алған жоқ. Бұл жемқорлықтың тамырына балта шабу емес, тек оның жеке көріністерімен және PR мен ақпараттық нәтиже үшін жасалған күресу болды.
Жемқорлық бізде жай заң бұзушылық емес, бұл тамырын тереңге жайған мәдени фактор. Коррупциялық түсінікті қазіргі ұрпақ бала күнінен бойына сіңіріп өседі. Ал ересектер қазіргі коррупцияланған қоғамға бейімделген. Сондықтан, қарапайым халыққа салсаңыз онымен күресудің де қажеті жоқ. Бәрі осылай қала бергенін дұрыс көреді.
Меніңше, жемқорлықты азайтудың бір ғана жолы бар – бүкіл қоғамды заң бойынша өмір сүруге үйрету, итермелеу, тіпті, мәжбүрлеу. Іс жүзінде бұл қалайша жүзеге асатыны – ұзақ әңгіме, бірақ ол үшін қоғамда күрделі өзгерістер орын алуы қажет.
Әңгімелескен Айгүл СӘМЕТҚЫЗЫ